БЕКІТІЛДІ:
«Эгида» Алматы қаласының
Заң консультанттары палатасы»
мүшелерінің жалпы жиналысының
шешімімен
«___»___________________ 2019 ж.
Кәсіби әдеп
КОДЕКСІ
Преамбула
Заң консультантының кәсіби әдеп кодексі – бұл кәсіби корпоративтік әдептің жалпы принциптерінің жинағы және заң консультанты басшылыққа алуы керек мінез-құлықтың негізгі қағидалары.
Кодекс заң консультантының беделі мен корпоративтік әдебін нығайтуға және азаматтардың кәсіби заңгерлерге сенімін нығайтуға жәрдемдесуге арналған.
Кодекс Қазақстан Республикасының мақұлданған адамгершілік қағидалары мен заңнамаларына негізделген және «Эгида» Алматы қаласының Заң консультанттары палатасы» Жарғысына және ҚР «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңына сәйкес әзірленген.
- Заң консультанты қызметін жүзеге асырудың негізгі міндеттері мен қағидаттары
Осы Кодекстің міндеттері: заң консультантының заң қоғамдастығын дамытуға бағытталған мінез-құлық пен кәсіби әдептің негізгі қағидаларын қалыптастыруы және сақтауы болып табылады. Заң қызметін жүзеге асыру кезінде заң консультанты төменде баяндалған негізгі қағидаттарды сақтауға тиіс.
- Қағидаттар
Заң консультантының кәсіби қызметінің негізгі қағидаттарына келесілер жатады:
- заңдылық;
- құқық үстемдігі;
- әдептілік;
- жеке тұлғаны құрметтеу;
- құпиялылық;
- тәуелсіздік.
Құқықтық қорытындыларды, пікірлерді, ауызша және жазбаша консультацияларды қоса алғанда, заң консультанты қызметін жүзеге асырудың нәтижелері мен тәсілдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келуге тиіс.
Заң консультанты үшінші тұлғалар тарапынан Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін, сондай-ақ Кодекстің бұзылуына әкеп соғатын ешқандай ұсыныстарды, өтініштер мен нұсқауларды орындай алмайды.
Заң консультанты өзінің кәсіби парызын орындау кезінде тәуелсіздігін сақтауы тиіс.
- Адал және ашық көзқарас
Заң консультанты өз міндеттерін орындау кезінде белгіленген қағидаларды, стандарттар мен әдептік нормаларды басшылыққа ала отырып, еркін, адал ниетпен әрекет етуге міндетті.
Заң консультанты заң қызметін тиісті зейінмен, құзыреттілікпен, адал ниетпен және ынтамен жүзеге асыруы, тәртіпті болуы, асықпауы және құжаттар мен мәліметтерді үстірт зерделемеуі тиіс. Заң консультанттары арасындағы жеке өзара қарым-қатынастар заң қызметін жүзеге асыру нәтижесіне әсер етпеуге тиіс.
Заң консультанты жеке қатынастар үшін де, қандай да бір өзге қатынастар үшін де заң қызметін жүзеге асырудың негізгі қағидаттарын бұзбауға тиіс.
- Мүдделер қақтығысы туралы ережелерді сақтау
Кәсіби заң қызметтерін көрсететін заң консультанты мүдделер қақтығысы туралы ережелерді сақтауға тиіс.
Заң консультанты мүдделері бір-біріне қайшы келетін бірнеше тұлғаның бір іс бойынша кеңесшісі, қорғаушысы немесе өкілі болуға құқылы емес.
Заң консультанты адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзумен ұштасқан іс-әрекеттерге жол бермеуі тиіс.
- Құпиялылық туралы ережелерді сақтау
Заң консультанты заң қызметтерін көрсету үшін өзіне ұсынылған ақпаратқа, құжаттар мен мәліметтерге қатысты құпиялылық туралы ережелерді сақтауы тиіс.
Заңгер құпия ақпаратты, құжаттар мен мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында тікелей белгіленген жағдайларда не осындай ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды ұсынған тұлғаның тікелей келісімімен үшінші тұлғаларға беруі мүмкін.
Заң консультанты заң қызметтерін көрсету үшін алған құпия ақпарат заңгердің немесе үшінші тұлғалардың жеке мақсаттары үшін пайдаланылмауға тиіс.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
Заң консультанты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының ережелерін қатаң сақтауға тиіс. Мемлекеттік органдардың өкілдері немесе өзге де лауазымды тұлғалар заң консультантына қысым көрсеткен жағдайда, заң консультанты мұндай жағдайлар туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
- Тиісті мінез-құлық
Заң консультанты кәсіби заң қоғамдастығының абыройын, қадір-қасиетін және беделін қолдауы тиіс.
Заң консультанты кәсіби заң қоғамдастығының беделін түсіруге әкеп соғуы мүмкін кез келген мінез-құлықтан аулақ болуға тиіс.
Заң консультанты өзінің кәсібі бойынша әріптестеріне барынша сыпайылықпен қарауы және мораль қағидаттарын, адалдықтың, парасаттылық пен әділдіктің жоғары стандарттарын ұстануы тиіс.
Заң консультанты басқа заңгердің ар-намысы мен қадір-қасиетін немесе іскерлік беделін түсіретін сөздерді қолданбауға тиіс.
Заң консультанты мемлекеттің заңнамасымен және халықаралық құқықпен танылған құқықтық міндеттемелерді, адам құқықтары мен бостандықтарын білуді және түсінуді ғана емес, сондай-ақ этикалық міндеттемелерді сақтауды да қамтамасыз етуі тиіс. Заң мамандығына деген сенімге нұқсан келтіретін лайықсыз мінез-құлық заң қауымдастығы тарапынан санкцияларға әкеп соқтырады.
- ӨЗГЕ ДЕ ЕРЕЖЕЛЕР
Осы кодекс «Эгида» Алматы қаласының Заң консультанттары палатасы» мүшелерінің жалпы жиналысында қабылданған күнінен бастап күшіне енеді.
Заң консультанты күрделі этикалық жағдайда түсініктеме алу үшін «Эгида» Алматы қаласының Заң консультанттары палатасына» жүгінуге құқылы.